Сс, 14/11/2023 - 18:23


Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен «К.» және «С.» адамдар тобы болып, аса қатыгездiкпен жасалған адамды өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату бойынша тағылған айыппен сотталды (ҚР ҚК-нің 99-б. 2-б. 5,7 т.).
«К.» алкогольдік масаң күйде бола тұра, «С.»-мен бірге адамдар тобы болып әрекет ете отырып, Жезқазған қаласында, Ғарышкерлер алаңында келе жатып, ұялы телефонын беруден бас тартқан «Ж.»-мен жанжалға түскен, нәтижесінде сотталушылар адамдар тобы болып әрекет ете, аса қатыгездікпен жәбірленушіге, оның азаматтық некедегі әйелінің көзінше, бүкіл денесіне пышақпен көптеген жарақаттар салған. Жәбірленуші алынған дене жарақаттарының салдарынан ауруханаға жетпей қайтыс болған.
Сотталушылардың кінәсі куәнің айғақтарымен, сарапшының қорытындысымен және басқа да зерттелген іс материалдарымен дәлелденді.
Жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың аса ауыр қылмыстарға жататынын, сотталушылардың жасаған әрекеттерінің сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталушы «К.»-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлардың болуы - сотталушының жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, жас балаларының болуын, ауырлататын мән-жай ретінде қылмысты алкогольден масаң күйде жасауын ескерді, сотталушы «С.»-ның жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сонымен қатар, сот қылмыс жасаған кездегі сотталушы «К.»-ның белсенді рөл танытқанын ескерді.
Сот үкімімен сотталушылар адамдар тобы болып, аса қатыгездiкпен жасалған адамды өлтiргендері үшін кінәлі деп танылып, «К.» 17 жыл мерзімге бас бостандығынан, «С.» 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты